Түркияның Маниса провинциясында туристік автобус пен ағаш тиелген жүк көлігі жол апатына ұшырап, салдарынан 11 адам көз жұмды. Тағы 27 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, туристік автобус жүргізушісі қажетті бұрылыстан өтіп кеткеннен кейін көлікті кері бағытта жүргізуге әрекеттенген. Осы сәтте артынан келе жатқан ағаш тиелген жүк көлігі автобуспен соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін екі көлік те аударылып қалған.
Апат туралы хабар түскен соң оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жіберілді. Мамандар зардап шеккендерге көмек көрсетіп, оларды медициналық мекемелерге жеткізген.
Түркияның денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлу 27 адамның ауруханада ем қабылдап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, зардап шеккендердің біреуінің жағдайы ауыр. Тағы 18 адамның жағдайы орташа деп бағаланса, сегіз адамның жағдайы жақсы.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды. Прокуратура істі тергеуге үш прокурорды жұмылдырған.
Тергеу аясында туристік автобустың негізгі жүргізушісі мен қосалқы жүргізушісі, сондай-ақ жүк көлігін басқарған азамат ұсталды. Құқық қорғау органдары жол апатына әкелген жағдайларды анықтап жатыр.