Қазақстан туризм индустриясы бойынша әлемдік рейтингте 28 сатыға көтерілді деген жағымды жаңалық жария болды. Яғни, елдің туристік тартымдылығы халықаралық деңгейде айтарлықтай артты.
Мысалы, Дүниежүзілік экономикалық форумның Travel & Tourism Development Index дейтін әйдік рейтингінде Қазақстан 52-орыннан көрініпті. Бұл 2024 жылдың нақты есебі бойынша анықталған жағдай. Ал 2019 жылы 80-орында болған екенбіз. Демек, аралағы бес жыл ішінде рейтинг бойынша 28 сатыға жоғарылаған болып тұрмыз.
Жалпы, еліміздің туристік әлеуеті туралы ізденгенде қызық мәліметтерге кезігесің. Мәселен, ішкі туризмнің айналымына қарағанда сырттан келушілердің үлесі үнемі басым болып шығады. Әлбетте, бұдан қазақстандықтар демалуға маңыз бермейді деген түсінік тумауы керек.
Негізінен отандастарымыздың туризмге қатысты ұстанымы әртүрлі екен. Оларды үш бағытта деп айтуға болады. Бірінші топқа шетелге жиі шығатындарды жатқызамыз. Бұл топтағылардың дені қаржылық жағдайы жоғары адамдар болғандықтан демалыс маусымда әлемнің кез келген нүктесін таңдай алады екен.
Ал екінші топқа қаржылық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ел көріп, жер тануға мақсатты түрде бел буатындар жатады. Және бұл топ шетелге шығу мен отандық туризмнің дамуына тең үлес қосып жүргендер санатына кіреді-мыс. Және осы орта қаржылық сауаттылық пен демалысты үтір, нүктесіне дейін жоспарлайтын ыждағатты адамдардан тұрады екен. Мұнан бөлек, тапқан табысы күнкөрісін толық қамтып, демалу мен артық зат сатып алуға қаражат жинауға мүмкіндігі бар азаматтар да осы қатардан табылады. Сондай-ақ, бұл санаттағылар туристік турларды алдын ала сату алуға, яғни, арзан кезінде тауып, үлгеруге машықтанғандар-мыс.
Ал үшінші топқа жылына бір рет болсын санаулы күнін қолжетімді демалысқа арнайтын, арзан жағажайлар мен демалыс орындарын жағалайтын орташа статискаға кіретін азаматтар жатады. Және бұл санаттағы адамдар ішкі туризмді ұстап тұр деуге болады. Әсіресе, жағажайлардағы шағын бизнестің барлық түрі, оның ішінде ортаңқол қонақ үйлер мен тамақтану орындарынан бастап, бәліш пен құтыдағы су сатушылардың да саудасына жан бітіретін осы топ екен.
Тақырыпқа оралайық. Әуелгі әңгіме еліміздің туристік әлеуеті туралы еді ғой. Анығы, туризм саласындағы өсім ішкі көрсеткіштерден де байқалады. Атап айтқанда, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындары шамамен 2 миллион адамға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға көп. Көрсетілген қызмет көлемі 69 миллиард теңгеден асты.
Ішкі туризм де қарқын алып келеді. Биыл қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттау көрсеткіші 3,6 пайызға өскен.
Туристер ең көп баратын өңір ретінде Алматы қаласы көш бастап тұр. Бірінші тоқсанда мұнда 472,9 мың адам келген. Екінші орында Астана қаласы, 352,2 мың туристпен ерекшеленген. Үздік үштікті 161,1 мың келушімен Ақмола облысы түйіндейді.
Сарапшылардың мәліметінше, елімізге келген қонақтардың шамамен 40 пайызы демалыс пен сауықтыруға арналған курорттық аймақтарды таңдаған. Бұл Қазақстандағы курорттық туризмнің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Мамандар туристік инфрақұрылымды дамыту, көлік қолжетімділігін жақсарту және сервистің сапасын арттыру Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтады.