Қаржы

«Тұрғын үй бағасы 30 пайызға дейін қымбаттайды»: министр құрылыс компаниялары дүрбелең туғызып отырғанын айтты

«Тұрғын үй бағасы 30 пайызға дейін қымбаттайды»: министр құрылыс компаниялары дүрбелең туғызып отырғанын айтты
Фото: alfexe / Getty Images

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кейбір сарапшылардың тұрғын үй бағасы 30 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналист сұрағына жауап берген Нағаспаевтың айтуынша, министрлік жекеменшік құрылыс компанияларының баға саясатына араласа алмайды.

«Министрлік ретінде біз жеке құрылыс салушылардың бағасына тікелей ықпал ете алмаймыз. Бұл нарық заңы. Сұраныс өссе, баға өзгереді. Сұраныс төмендесе, баға да соған қарай түзетіледі. Мұндай жағдайда нақты баға болжамын жасау қиын», – деді ол Үкіметтегі брифингте.

Министрдің айтуынша, нарықта сұраныстың өсуі байқалады және оны жылдам пәтер сатуға мүдделі құрылыс компаниялары өздері күшейтіп отыр.

«Қазір нарықта дүрбелең бар. Оны құрылыс компаниялары өздері жасайды. Осыдан халық арасында “тезірек сатып алу керек” деген түсінік қалыптасады. Бұндай сұраныс бағаға әрдайым әсер етеді. Бірақ мен 10-20 пайыздық немесе одан да жоғары баға өсіміне себеп көріп тұрған жоқпын», - деді ол.

Нағаспаевтың айтуынша, министрлік тек әлеуметтік тұрғын үй сегментінде ғана бағаға бақылау жүргізе алады.

«Біз нарықтық тетіктерге араласа алмаймыз. Бірақ әлеуметтік тұрғын үй бағытында барлық бағаны қадағалап, белгіленген мөлшерді бекіте аламыз», - деді ол.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz