Әлем

Трамп Қазақстанға баж салығын салып, Тоқаевқа хат жолдады

Трамп Қазақстанға баж салығын салып, Тоқаевқа хат жолдады
Фото: Азаттық радиосы

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдағанын да атап өтті.

Хатта: «2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа келетін барлық өнімге 25 пайыздық қосымша тариф салынады. Бұл бұрын белгіленген салалық баждардан бөлек. Тарифтерді айналып өтіп, үшінші елдер арқылы жеткізілетін тауарларға да қатаң шаралар қолданылады», – делінген.

Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасында тепе-теңдік жоқ. Ол енгізілген 25% тарифтің бұл теңсіздікті жою үшін тіпті жеткіліксіз екенін алға тартты. Дегенмен, егер қазақстандық компаниялар өз өндірістерін АҚШ аумағында орналастырса, бұл шектеулер күшін жоймақ.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан қарсы жауаптар болған жағдайда, Вашингтон қосымша тарифтер енгізуге дайын екенін ескерткен.

Айта кетейік, бұған дейін, 2 сәуірде Трамп әкімшілігі АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне қатысты кең ауқымды кедендік шектеулер енгізетінін мәлімдеген болатын. Сол кезде Қазақстаннан келетін өнімдерге 27 пайыздық тариф белгіленді. Ал 5 сәуірден бастап барлық елдер үшін бірыңғай 10 пайыздық базалық тариф енгізілген еді, бірақ кейін бұл шешімге 90 күндік мораторий жарияланған.

7 шілдеде Трамп БРИКС ұйымын қолдайтын кез келген елге қосымша 10 пайыз көлемінде кедендік баж салынатынын айтып, тағы да қатаң ескерту жасады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz