Белгілі әнші Тоқтар Серік бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымын айтып, қазіргі ата-аналарға бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол балаларының күнделікті жүріс-тұрысына, кіммен араласатынына және қандай әдет қалыптастырып жүргеніне мән беруге тырысады.
Тоқтар Серік кейде балаларының қалтасын да тексеретінін жасырмады. Мұны ол сенімсіздік емес, қауіптің алдын алудың бір жолы деп түсіндіреді.
«Балаларымның қалтасын жиі тексеремін. Себебі қорқамын. Бір зиянды зат, темекі немесе басқа нәрсе шығып қалса ше? Қазір заман оңай емес. Баланы бақылау – әр ата-ананың басты міндеті», – деді әнші.
Сондай-ақ ол балаларына бөтен адамнан ештеңе алмауды, көшеде де, әлеуметтік желіде де абай болуды үнемі ескертіп отыратынын айтты. Әншінің пікірінше, қазіргі бала тәрбиесі тек ақыл-кеңес берумен шектелмеуі керек. Ата-ана баласына уақыт бөліп, қажет кезде оның ортасы мен әрекеттеріне де назар аударуы тиіс.
Тоқтар Серіктің жары Бейбіт Сейдуалиева да жұбайының бала тәрбиесіне қатысты бұл көзқарасын қолдайтынын жеткізген.