Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қақтығыстың ушығып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «соғыс әбден шиеленісіп кетті» және бұл текетірестен ешбір мемлекет пайда таппайды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы ең алдымен бейбіт тұрғындарға зиян келтіретін әрекеттерді тоқтату қажеттігін айтты:
«Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек».
Тоқаев Қазақстанның бұл жағдайда делдал болуға ұмтылмайтынын, алайда бейбіт диалогқа алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ өз жерімізді келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз», – деді ол.
Сонымен қатар Президент мұндай кездесулерді Түркістанда өткізу мүмкіндігін де атап өтті.
Оның сөзінше, түпкілікті шешім қақтығысқа қатысушы елдердің еркіне байланысты. Бұл бастама қазақ халқының бейбіт ниетін білдіреді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы уақыт оздырмай келіссөздерге көшу қажет екенін ескертіп, «әйтпесе көптеген халықтың бейбіт өмірі бұзылып, әлемдік тұрақтылыққа қауіп төнеді» деді.