KZNEWS.KZ
Саясат

Тоқаев Құрылтай Төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды

Асқар Алтайұлы
Фото: видеоскрин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында Құрылтай Төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау үшін бірқатар рәсім өткізу қажет екенін атап өтті. Алдымен Құрылтайдың басшылық құрамы сайланып, оның құрылымы қалыптастырылуға тиіс.

– Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Айбек Дәдебайдың мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет еткенін және мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті.

– Ол өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауға шақырды.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →