Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai жасанды интеллект орталығын аралап, Astana Smart City жобасының іске қосылуына, Tomorrow School желісінің кеңеюіне және CryptoPay жүйесінің таныстырылымына қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары іске асырылады. Сонымен қатар, стартап-бастамалар мен түрлі қолданбалы шешімдерді енгізуге қолайлы жағдай жасалған.
Жүзеге асырылып жатқан жобалар жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи әрі бәсекеге қабілетті елге айналдыруға бағытталған стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Президент орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылуына куә болды. Бұл бастама интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам саналады.
Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам Мемлекет басшысына қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай жасанды интеллект платформасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл шешім қаланы басқару тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан құрылған Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің табысты тәжірибесі енді еліміздің барлық өңірлеріне таратылмақ.
Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірде аталған мектептердің желісін ресми түрде іске қосты. Бұл білім беру ұйымдарында кәмелет жасына толған азаматтар, оның ішінде IT саласына жаңадан қадам басқан жандар, тегін білім ала алады.

Сонымен қатар, Президент «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты. Фиджитал-атлеттер арасындағы бұл жарыс Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесі таныстырылып, Қазақстанда криптовалюта арқылы төлем жасаудың алғашқы тәжірибесі көрсетілді.