Түрікменстанға Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысу үшін жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұшақ жанында ақ автомобиль күтіп тұрды. Әдетте Мемлекет басшысы ылғи қара түсті көлікке мінетін.
Түрікменстанда ақ түске айрықша мән беріледі. Оның себебі дәстүрлі түсінікпен де, биліктің талғамымен де байланысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Президентін әуежайдан Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қарсы алды. Сапар аясында Мемлекет басшысының Авазада өтетін халықаралық кездесулерге қатысуы жоспарланған.

Ал Президентке ұсынылған көліктің түсі неліктен ақ болды?
Түрікменстандағы ақ түстің басымдығын елдің бұрынғы президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің талғамынан бөліп қарау қиын. Ол ақ автомобильдерді ұнатады, ресми шараларға ақ көліктер кортежімен барған. Ақ мәрмәрмен қапталған ғимараттар, ақ тұлпарлар мен ақ гүлдер де оның көпшілік алдындағы бейнесінің бір бөлігіне айналған.
Ақ түстің мәдени мағынасы да бар. Орталық Азиядағы дәстүрлі түсінікте ол тазалықпен, жақсылықпен және құт-берекемен байланыстырылады. Сондықтан ақ түс салтанатты рәсімдердің көрінісіне де үйлеседі. Алайда Тоқаевқа дәл осы мағынаны білдіру үшін ақ автомобиль ұсынылғаны туралы жеке ресми түсіндірме жарияланған жоқ.
«Ақ түске бояп берсеңіздер, сатып аламыз»
Бердымұхамедовтің ақ көлікке ықыласын Қазақстандағы бір кездесу де көрсетті. 2025 жылғы сәуірде Түркістанға келген кезінде оған Қазақстанда құрастырылуы жоспарланған Tank 300 жол талғамайтын автомобилі таныстырылған.
Сонда ол: «Бізге ақ түске бояп беріңіздер, сатып аламыз», – деген. Сондай-ақ мұндай машиналарды Арқадағ қаласына алуға қызығушылық білдірген. Бұл сәттің видеосын «Борт №1» арнасы жариялаған.
Елдегі ақ автомобильдер туралы әңгіме тек ресми кортеждермен шектелмейді. Азаттық радиосы әр жылдары қою түсті көліктерді әкелуге шектеу қойылғанын, кейбір жүргізушілерден автомобильдерін ақ түске бояу талап етілгенін хабарлаған. Мұндай талаптарға ыстық климат та себеп ретінде келтірілген. Себебі қою түс күн сәулесін көбірек сіңіреді деп түсіндірілген. Дегенмен «Түрікменстанның бүкіл аумағында қара көлікке заңмен тыйым салынған» деген түсінік қате.