Адвокат Жолболовтың айтуынша, жасөспірім бірнеше жыл бойы сыныптастарының келемежіне ұшыраған.
Атырауда 13 жастағы оқушы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға сотталды. Алайда сотталған баланың қорғаушысы оның бұған дейін қатарластары тарапынан әлімжеттік көргенін айтып, мектеп әкімшілігінің әрекетіне қатысты сұрақ көтерді. Осы мәселелер 24 қарашада өтетін баспасөз мәслихатында талқыланады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы мектеп психологы мен әкімшілігі хабардар болғанымен, тиісті шаралар қабылданбаған. Қорғаушы тергеушінің ұсынымында да баланың ұзақ уақыт психологиялық қысым көргені және оның алдын алу жұмыстары жеткіліксіз болғаны көрсетілгенін алға тартты.
Сот барысында 2025 жылдың қазан айында жасөспірімнің сыныптастары тарапынан мазаққа ұшырағанын айтып, мектеп психологына шағымданғаны белгілі болған. Оны есімін бұрмалап атау, ұлты мен сыртқы келбетін келемеждеу жағдайлары расталған. Ал жүйелі түрде ұрып-соғу деректері анықталмаған.
Бұл мәліметтер мектеп әкімшілігінің бұған дейін әлімжеттік туралы хабарламаларды растамаған мәлімдемесіне қайшы келеді. Қорғаушы мектеп басшылығы мен психологтың сол кезде қандай әрекет жасағанын анықтау қажет деп санайды.
Еске салайық, оқиға 2026 жылғы 13 наурызда Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Тоғызыншы сынып оқушысы мектепке пышақ алып келіп, 13 жастағы қызға бес рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған оқушы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.
Тергеу барысында шабуылдың алдын ала жоспарланғаны анықталған. 6 қарашада алқабилердің қатысуымен қаралған сотта жасөспірім кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларға байланысты Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорына жеке қаулы жолдаған.
24 қараша күні сағат 11:00-де Атыраудағы Абай орталығында өтетін баспасөз мәслихатында мектептегі әлімжеттіктің алдын алу, психолог пен әкімшіліктің жауапкершілігі және балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланбақ.
Қорғаушының айтуынша, жиынның мақсаты сотталған жасөспірімді ақтау емес, мектепте бала көмек сұраған жағдайда жауапты тұлғалардың қандай шара қабылдауы керектігіне назар аудару.