Energy monitor қоғамдық қорының басшысы, мұнай-газ саласындағы сарапшы Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желідегі жазбасында Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштерін талдап, соңғы жылдардағы өзгерістерге тоқталды. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық билігі кезінде ел экономикасы қалай өзгергенін саралады, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, экономикалық реформалардың негізгі кезеңі 2022 жылдан басталды. Сол кезде саяси жаңғыртумен қатар экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру міндеті қойылды. Оның негізгі бағыттары — экономиканы әртараптандыру, бәсекелестікті дамыту, жеке кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын азайту және адами капиталға инвестиция салу.
Қазақстан экономикасы қаншалықты өсті?
«2019 жылы Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі шамамен 181,7 миллиард доллар болды. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 306 миллиард долларға жуықтады. Тек 2025 жылдың өзінде экономика нақты мәнде 6,5 пайызға өсті», — деп жазды Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшы доллармен есептелген ЖІӨ көлеміне ұлттық валютаның бағамы, әлемдік шикізат бағасы мен мұнай өндіру көлемі де әсер ететінін атап өтті. Сондықтан экономиканың даму қарқынын бағалау үшін оның ішкі құрылымындағы өзгерістерге назар аудару қажет екенін айтты.
«Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 2019 жылғы 11,4 пайыздан 2025 жылы шамамен 13 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар құрылыс, сауда, көлік және басқа да шикізаттық емес салалардың маңызы артып келеді», — деді ол.
Жұмағұловтың пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның бұрынғы экономикалық моделін біртіндеп қайта құруға бағытталғанын көрсетеді.
Банк жүйесіндегі депозиттер мен инвестициялық әлеует
Сарапшы ел экономикасындағы тағы бір маңызды көрсеткіш ретінде банк жүйесіндегі депозиттер көлемін атады.
«2025 жылға қарай Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттер көлемі шамамен 96,4 миллиард долларға жетті. Бұл — халық пен бизнестің елеулі ішкі қаржы ресурсы. Тиісті жағдай жасалса, бұл қаражат инвестицияға және экономиканың одан әрі өсуіне жұмыс істей алады», — деп жазды ол.
Халықтың тұрмыс сапасы қалай өзгерді?
Нұрлан Жұмағұлов тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішіне де назар аударды.
«2019 жылы Қазақстанда бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 22,2 шаршы метр болса, 2025 жылы шамамен 25,1 шаршы метрге жетті. Қазақстан халықаралық саяхат және туризмді дамыту индексіндегі орнын да жақсартып, 80-орыннан 52-орынға көтерілді», — деді сарапшы.
Экономиканы әртараптандыру — басты міндет
Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстан экономикасының алдында әлі де бірқатар жүйелі міндет тұр. Олардың қатарында шикізатқа тәуелділікті азайту, еңбек өнімділігін арттыру, бәсекелестікті күшейту және өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңарту бар.
«Президент бастапқы кезден-ақ бар проблемаларды, соның ішінде шикізатқа тәуелділікті, еңбек өнімділігінің төмендігін, әлсіз бәсекелестікті және технологиялық жаңғырту қажеттігін жоққа шығарған жоқ. Керісінше, бұл мәселелерді Үкімет алдына жүйелі міндет ретінде бірнеше рет қойды», — дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Тоқаевтың экономикалық саясатының мақсаты — бұрынғы модельді сақтап қалу емес, оны біртіндеп өзгерту.
«Әңгіме бұрынғы экономикалық модельді сақтап қалу туралы емес, оны біртіндеп өзгерту туралы болып отыр», — деп жазды Жұмағұлов.
Оның айтуынша, Қазақстанда саяси жаңғырту мен экономикалық реформалар қатар жүріп жатыр. Бұл бірнеше жыл бойы жоғары экономикалық өсімге қол жеткізуден әлдеқайда күрделі міндет.
«Міндет — әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, бәсекеге қабілетті әрі технологиялық тұрғыдан дамыған экономика құру», — дейді сарапшы.
Қазақстан экономикасын алда не күтіп тұр?
Нұрлан Жұмағұлов Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуын Қазақстан үшін мүмкіндік ретінде қарастырады.
«Көршілес елдердің де экономикасы қарқынды дамып келеді. Мұны қауіптен гөрі мүмкіндік деп қабылдаған жөн. Орталық Азия елдері неғұрлым ауқатты болған сайын, сауда, инвестиция, логистика және ортақ аймақтық нарық құру мүмкіндіктері де артады», — деп жазды ол.
Сарапшы Қазақстанның алдағы даму кезеңіндегі басты міндеттеріне еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім экспорттау және жеке бизнесті дамыту мәселелерін жатқызады.
«Қазақстанның экономикасы ауқымды, қаржы жүйесі, инвестициялық капиталы мен адами әлеуеті бар. Ендігі басты сынақ — еңбек өнімділігін арттыру, технологияларды дамыту, шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім экспорттау және қуатты жеке сектор қалыптастыру», — деді ол.
Жұмағұловтың пікірінше, Қазақстанның алдағы онжылдықтағы әлемдік экономикадағы орны осы бағыттағы реформалардың қаншалықты жүйелі жүзеге асатынына байланысты.