Ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан көтеріліп, Багам аралдарындағы Норт-Эльютера әуежайына бағыт алған. Алайда әуе кемесі тұрғын үйлер орналасқан ауданға құлап, артынша өртеніп кеткен. Апат орнында үлкен шұңқыр пайда болған.
Ұшақтың құлаған сәті маңайдағы жолмен өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған.
Reuters және Associated Press агенттіктерінің мәліметінше, апатқа дейін ұшқыштар әуе қозғалысын басқару диспетчерлеріне ұшақтың мұз басуы мен қатты турбуленттілікке тап болғанын хабарлаған. Кейін экипаж апаттық жағдайды білдіретін Mayday дабылын беріп, ұшақтың күрт төмендеп бара жатқанын ескерткен.
Қазір апаттың себептерін АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі Федералды авиация басқармасының қатысуымен анықтап жатыр.
Әзірге әуе кемесінің құлауына нақты не себеп болғаны белгісіз. Қаза тапқандардың аты-жөні мен жолаушылардың кім болғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.