Ақтөбе қаласында әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіз ишаралар көрсеткен жергілікті тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды kznews.kz
Құқық бұзушылықты Ақтөбе қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері желіге мониторинг жүргізу барысында анықтаған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде әдепсіз әрекеттерге жол берген 42 жастағы Абдулла Қоңырбаевты анықтап, ұстады. Сот шешімімен азамат 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция өкілдері әлеуметтік желілер де қоғамдық кеңістік саналатынын ескертті. Сондай-ақ тікелей эфир жүргізу немесе виртуалды ортада болу заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
Құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында желідегі мұндай бұзушылықтарға тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырады.