KZNews.kz
Қоғам

Тікелей эфирде есірткі туралы айтқан блогер 10 тәулікке қамауға алынды

Torgyn Abushakhman

Шымкентте есірткі қолданғанын айтып, тікелей эфирге шыққан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Әлеуметтік желіде «077Diva» лақап атымен танымал 20 жастағы блогер Әсел Құдайбергенованың есірткі қолданғанын және оның әсері туралы айтқан видеосы желіде кеңінен тараған. Аталған бейнежазбадан кейін блогер полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, блогердің ағзасынан есірткі заттары анықталған. Осыған байланысты полиция оның үстінен әкімшілік іс қозғады.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Әсел Құдайбергенованы кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Сот отырысынан кейін блогер Instagram парақшасында халықтан кешірім сұрап, мәлімдеме жасады.

«Instagram желісіндегі жазбам үшін баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймын. Айтқан сөздерімнің орынсыз болғанын және Қазақстан халқына, мәдениеті мен құндылықтарына құрметсіздік ретінде қабылдануы мүмкін екенін түсінемін. Қателік жібергенімді мойындаймын және толық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Алдағы уақытта жарияланымдарыма жауапкершілікпен қарайтын боламын», – деді ол.

Полиция өкілдері есірткі заттарын насихаттау құқыққа қайшы екенін және мұндай контенттің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда жариялануына жол берілмейтінін ескертті.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары