KZNEWS.KZ
Әлеумет

Telegram-да қыздармен таныспақ болған ер адамдар тұзаққа түсті: Астанада оларды үш ер адам күтіп алған

• Жарқын Омаров
ашық дереккөз

Астанада үш ер адам Telegram арқылы жалған аккаунттар ашып, қыздар болып танысып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырған. Кейін оларды қала сыртына күштеп апарып, ұрып-соғып, масқаралайтын видеоларды жариялаймыз деп қорқытқан. Сот үкімімен үшеуі 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz

Елорда прокуратурасының мәліметінше, сотталғандар үш жәбірленушіден бопсалау арқылы жалпы 2,2 миллион теңге алған.

Сонымен қатар олардың бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, тағы бірінің автокөлігін тартып алған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы үш сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот жәбірленушілердің келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талаптарын да қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысқанда сақ болуға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау үшін мүлкін тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →