Талдықорғанда волейболдан өткен әйелдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші турында спортшы ешкім күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Телеоператор тайм-аут кезінде "Жетісу" командасын түсіріп жатқанда капитан Алеся Сафронова камераға қарап тұрып "Қазақстанда бәрі сатылады! Федерация да!" деп айқайлады.
Арудың бұл сөздері назардан тыс қалмады. Артынша "Ертіс-Қазхроммен" болған ойынға Алеся қатыспады. Сондай-ақ сол күні спортшы шеттетілгені туралы хабарлады. Бұл ақпаратты бас хатшысы Ермек Сырлыбаев та растады.
"Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер командалары арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасының ХХІХ Чемпионаты 1-турының негізгі төрешілер алқасы бұл эпизодты атқару комитетінің келесі отырысында қарастыруға, турдың соңына дейін Алеся Сафронованы шеттеуге шешім қабылдады", - деді ол.
Ал волейболшы асығыс жасалған мәлімдемесі үшін кешірім сұрады.
"Әлбетте, қатты айтқаным үшін кешірім сұраймын. Матч өте тартысты өтті, ал камералардың артында көп нәрсе көрінбейді - қарсыластар бізді үнемі арандатып жатты. Өкінішке қарай, төрешілер мұны көрмейді... Мен ол жерде Қазақстан туралы емес − Федерация туралы айттым. Қазақстанды өте жақсы көремін, құрметтеймін, оған жастық шағымды арнадым - Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жанымды бердім. Әлі де қазақ туы үшін күресемін", - дейді Сафронова.