Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза желідегі парақшасында отбасы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол өз жазбасында отбасы – адам өмірінің рухани тірегі әрі қоғамның іргетасы екенін атап өтті.
"Отбасы – адам өмірінің ең асыл қазығы, рухани тірегі. Отбасы құндылығын сақтау – қоғамның, ұлттың, тіпті мемлекеттің іргетасын сақтау деген сөз. Себебі отбасы – кішкентай мемлекет. Егер сол кіші мемлекетті қалыптастыра алмасақ, үлкені де әлсірейді. Ең бастысы – махаббат, сыйластық, адалдық пен жауапкершілік. Мен үшін жолдасымның жанында нәзік болу – әлсіздік емес, әйелге тән табиғилық. Иә, жұмыста көшбасшымын, шешім қабылдаймын, бірақ үйге келгенде – анамын, жармын, жай ғана әйелмін. Осы тепе-теңдік отбасындағы жылулықтың, татулықтың кілті", – деп жазды мектеп директоры.
Сонымен қатар ол қазіргі қоғамда отбасын сақтау ұлттық құндылық деңгейіне көтерілуі тиіс екенін айтты.
"Бүгінгі таңда отбасын сақтау – аса маңызды ұлттық құндылыққа айналуы тиіс. Қоғамда беделді тұлғалар, билік өкілдері, ел алдында жүрген ерлі-зайыптылар отбасының қадірін көрсетіп, халыққа үлгі бола білсе – бұл үлкен идеологиялық күшке айналады деп ойлаймын. Себебі отбасы – жай ғана жеке мәселе емес, ұлт болашағының негізі. Әрқайсымыз осыны терең түсініп, өз отбасымыздың жылулығын, бірлігін, махаббатын сақтай білсек – қоғам да, ел де мықты болады. Еліміздегі ажырасу статистикасының өзі жүректі ауыртады – бұл тек екі адамның арақатынасының үзілуі емес, бір баланың арманы мен сенімінің сынуы", – деді Ақмоншақ Нұртаза.
Ақмоншақ Нұртаза ажырасу жағдайларының көбеюі балалардың психологиясына кері әсер ететінін де еске салды.
"Ата-анасы ажырасып жатқан баланың өмірге деген құлшынысы, білімге деген ынтасы төмендейтіні – ащы да болса шындық. Себебі баланың қуанышы да, тыныштығы да – ата-анасының арасындағы үйлесім мен махаббатқа байланысты. Отбасындағы кикілжің – қоғамдағы көп мәселелердің бастауы. Сондықтан ер мен әйел некеге тек сезіммен емес, үлкен жауапкершілікпен қадам басуы керек. Отбасы құру – жеке таңдау емес, қоғам алдындағы аманат. Әр адам ерлі-зайыптылықтың тек бірге тұру емес, бірге көтеретін өмірлік жауапкершілік екенін ұғынса екен. Балалар жетім болып өспесе екен. Себебі бала бақытты болуы үшін, алдымен оның ата-анасы бақытты болуы керек – бұл жазылмаған, бірақ өмірдің ең әділ заңы. Сондықтан отбасыны сақтау – рухани тәрбиенің, ұлттық сананың, адамдық борыштың ең биік көрінісі. Отбасын сақтау – елді сақтау", – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.