Танымал отбасылық дуэт Жанболат пен Жазира тұңғыш ұлдарын үйлендіріп, 700 адамға арналған той өткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мерекелік кеш YouTube платформасында тікелей эфир арқылы көрсетіліп, 450 мыңнан астам көрермен жұлдызды жұптың қуанышына ортақ болды. Онлайн трансляцияны тамашалаған көпшілік жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырып, жылы лебіздерін білдірді.
Алайда думанды кеш тек қуанышқа ғана толы болмай, кейбір сәттері қоғам арасында қызу пікірталас тудырды. Әсіресе, той барысындағы кей жағдайлар әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ілікті.
Мәселен, Threads желісінде @asiyashine_ есімді қолданушы жариялаған бейнежазбада Сәкен Майғазиевтің той иесі Жанболат Ербатыровтың анасын ортаға алып шыққан сәті көрсетілген. Сол кезде мейрамханада музыка қосылғанда, кешті жүргізіп тұрған асаба: “Музыканы ысырап қылмай-ақ қой, әжеміз бәрібір билемейді”, – деп айтқан.
Бұл сөз көпшіліктің көңілінен шықпай, желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды. Пікір қалдырғандар асабаның мұндай қалжыңы орынсыз екенін, үлкен кісілерге деген құрметке сай келмейтінін жазды. Кейбірі той жүргізушілерінің әр сөзін ойланып айтуы керектігін алға тартса, енді бірі мұндай жағдайлардың мерекенің жалпы әсеріне кері ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, кейбір желі қолданушылары бұл жағдайды аса үлкейтіп жіберудің қажеті жоқ екенін айтып, асабаның сөзін жай ғана сәтсіз қалжың ретінде қабылдауға болатынын жеткізді. Олар тікелей эфир болғандықтан, эмоцияға беріліп айтылған сөздер де болуы мүмкін екенін атап өтті.
“Тамадалар мәдениеттен жұрдай”, “Осындай тамадаға кеткен ақша ысырап болды”, “Парасатсыз екен”, “Бескультурщина”.