Салалардың ішінде ең ауыры – қызмет көрсету саласы. Себебі, алдымызға жүз адам келсе, олардың әрқайсысының көңілін таба білуіміз қажет. Мейлі ол ұшақта болсын, мейлі пойызда болсын. Бірақ, әрбір жолаушымыздың діттеген жеріне аман-есен, көтеріңкі көңіл-күймен жету үшін барымызды саламыз. Осылай дейді бүгін мерекесін атап өтіп жатқан Talgo жолсеріктері. Олай болса, қиын да қызық жұмыстың қалай өтетінімен фоторепортажымыздан таныс болыңыздар.
Суреттер: Қарлыға Бүйенбай
Talgo жолсеріктері жұмысқа кемінде пойыз жүрерден төрт сағат бұрын келеді. Бірден наркологиялық тексеру өтіп, ішімдік ішпегені және денсаулығында қандай да бір кінәрат жоқ екені туралы анықтама алады.
Әрі қарай сырт келбетін ретке келтіріп, жұмыс киімін киіп жиналысқа келеді.
Аптасына бір рет болатын жиналыс кезінде пойызда не істеу керек, қандай жұмыстар жасалуы тиіс, жолаушылармен қалай сөйлесу керектігі туралы нұсқаулықтар айтылады. Сондай-ақ, үздік қызметкерлерің аты аталып, алғыс хаттар тапсырылуы мүмкін.
Жиналыс аяқталғаннан кейін жолсеріктер вагонға келіп, оның сыртқы және ішкі жағдайын мұқият тексеріп алады. Бұған дейін арнайы тазалаушы адамдар вагон ішін мұнтаздай етіп қояды. Журнал, төсек-орын жабдықтарын ретке келтіреді. Пойызда төсекті жолаушылар салмайды, оны алдын ала жолсеріктер жөндейді.
«Жолсерік болып жұмыс істеп жатқаныма биыл 8 жыл болады. Ағам мен әпкем де осы жерде жұмыс істеген болатын. Олардың 25-30 жылдық өтілі бар. Әлем бойынша дағдарыс болып жатқан заманда осындай тұрақты жұмысым барына қуанамын. Осы сегіз жыл ішінде көп адаммен таныстым. Ауылдан шыққан соң көп нәрсені білмейтін едім. Жұмысқа тұрғалы өмірге деген көзқарасым мен адаммен араласу мәнерім өзгерді», - дейді жолаушылар вагонының жолсерігі Ерлан Бәйтенов.
«Қазақта «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген жақсы сөз бар. Мұнда бізге сын айтатын кісілер жаңалық ашып жатқан жоқ. Әрбір айтқан сөзі орынды. Сондай-ақ, жұмыс жемісті болуы үшін жауапкершілік ала білу маңызды. Әріптестерімді бүгінгі мерекесімен құттықтай отырып дендері сау, еліміз тыныш болсын деймін. Осылай жүргеніміз біздің мемлекетіміздің тыныштығының арқасы. Әрқайсысының еңбегі шыңдалып, бастық болуға дейін көтерілсін. Биік шыңдарды бағындыра білсін», - дейді жолсерік ару.
Қателеспейтін адам болмайды. Оның үстіне адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Әр жолаушының өзінің тілін таба білу қажет. 18 жолаушы үшін жауапкершілік алған соң, олардың әрқайсысына қалаған жеріне аман-есен жетуі үшін жағдай жасауымыз қажет», - дейді Бердіхан Есенбек.
Ол қарамағандыға жолсеріктерді сынап-мінеуден гөрі, жақсы жақтарына көбірек назар аударуға тырысатынын айтады. Жиналыс кезінде мақтау қағаздарын табыстап, көпшіліктің алдында құрмет көрсетуге тырысатынын да бөлісті.
Естеріңізге сала кетсек, Talgo жолсеріктерінің жүріп бара жатқан пойызда жүкті әйелді аман-есен босандырғаны туралы хабарлаған едік.
stan.kz