Алматы облысы Талғар ауданының Ақтас ауылында жанжал соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Оқиға салдарынан ер адам көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тұрғындардың айтуынша, қаза тапқан ер адам тандыр нан сататын нүктенің иесі болған. Олардың бірі марқұмның ел арасында танымал болғанын және адамдарға үнемі көмектескенін айтқан. Сатып алушының ақшасы жетпей қалса, нанды тегін берген. Сондай-ақ тұрғынның сөзінше, жұма күндері ол тегін нан таратқан.
Полиция не дейді
Алматы облысының полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталған.
Полиция мәліметінше, күдікті – 56 жастағы ер адам. Ол өз кінәсін мойындаған. Алдын ала болжам бойынша, екі ер адам арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті жанжал кезінде жәбірленушіге пышақпен екі рет соққы жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция жанжалдың шығу себебін және оқиғаның өзге де мән-жайларын анықтап жатыр.
Бұл Талғар ауданында соңғы уақытта болған алғашқы резонансты қылмыс емес.2025 жылдың күзінде Қызыл-Қайрат ауылында автосервис қызметкері ер адамды атып өлтіріп, кейін оның кәмелетке толмаған жиенін ұрлап кеткен. Күдікті арнайы операция кезінде ұсталып, қыз анасына қайтарылды.
Аудандағы көпшілік талқылаған тағы бір іс – Шерзат Полаттың өлімі. Оның отбасының дүкені маңында басталған жанжал жаппай төбелеске ұласып, жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмды. 2025 жылдың жазында сот осы іс бойынша тоғыз айыпталушыға үкім шығарды.