Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан мұнай бағасының қымбаттауынан Қазақстан қандай пайда көрді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Бұған дейін Ұлттық банк басшысы, қаншалықты оғаш естілсе де, Қазақстан Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайдан ұтатынын айтқан болатын. Себебі мұнай қымбаттайды, доллар арзандайды, ал ұлттық валюта нығаяды. Сандармен айтып бере аласыз ба, қақтығыс басталғалы бері Қазақстан қанша “ұтты”?» — дес сұрады журналист Сенаттағы брифингте.
Вице-министр Қазақстан үшін оң әсер бар екенін растап, алайда нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
«Әдетте келісімшарттар спот-нарықта (яғни активтер бірден сатылатын нарықта) емес, ұзақ мерзімге жасалады. Сондықтан мұнай бағасының күтпеген, күрт өсуі табысқа бірден әсер етпейді. Ұлттық банк басшылығымен толық келісемін, оң әсер болады. Бірақ әлемдік тәжірибеге қарасақ, бұл әсер шамамен жарты жылдан кейін байқалады», — деді Санжар Жаркешов.
Сондай-ақ шенеуніктен АҚШ пен Иран арасында бітім жасалған немесе ол бұзылған жағдайда мұнай бағасына қатысты қандай болжам бар екені сұралды.
«Болжам жасамаймыз. Мұнай бағасының әлемдік конъюнктурасы күн сайын өзгеріп отырады. Біз мониторинг жүргіземіз, болжаммен айналысатын түрлі агенттіктермен жұмыс істейміз. Энергетика министрлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге, өндірістің үздіксіз жүруіне, өндіру жоспарын орындауға, экспорттық бағыттар мен ел ішіндегі тасымалдауға назар аударады. Баға құбылып тұр, оң тұстары да бар (...) Қазір тек бақылап отырмыз, нақты болжам жасамаймыз», — деді вице-министр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалатын соққыларды екі аптаға тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл екіжақты атысты тоқтату болады. Ақ үй басшысы Вашингтон Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алғанын және оны келіссөздерге «жұмыс негізі» деп санайтынын айтты.
Иран өз кезегінде екі апталық бітім кезінде Ормуз бұғазын ашуға дайын екенін жеткізді.
Осыдан кейін мұнай бағасы күрт төмендеді. Мысалы, 7 сәуір күні Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 107–110 доллар аралығында болса, түн ортасынан кейін шамамен 93 долларға дейін түсті. Ал WTI маркалы мұнай 14 пайыздан астамға арзандап, 95 долларға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, елдер арасындағы бітім туралы мәлімдемелерден кейін Қазақстандағы айырбастау пункттерінде доллар бағамы күрт өсті.