Қазақстанда бір отбасының із-түзсіз жоғалуына қатысты іс аясында әлеуметтік желіде өзін "атыраулық хакер" деп таныстырған белгісіз адамның мәлімдемелері тарады. Бұл ақпаратқа байланысты өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода белгісіз тұлға Атырау облысындағы отбасының жоғалуына қатысты "өз бетінше талдау жүргізгенін" алға тартады. Аталған бейнежазба Instagram желісінде таралып, қысқа уақыт ішінде кеңінен талқыланды.
Tengrinews.kz жаузынша, осыған байланысты полиция азаматтарды тек ресми және тексерілген ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды. Құқық қорғау органдары жалған мәлімет тарату заңнамаға сәйкес жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жазаға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Полиция мәліметінше, аталған адамға қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда бұл істер аясында тергеу жалғасып жатыр, ал күдікті заң талаптарына сай іздеуде.
Отбасының із-түзсіз жоғалуына байланысты жедел-іздестіру және тергеу амалдары тоқтаған жоқ.
Ал әлеуметтік желіде өзін "Қадырбай" деп таныстырған блогер қазіргі уақытта іздеуде жүрген "атыраулық хакермен" кездескенін айтып, видео жариялады.
"Хакер Атырау туралы шындықты айтамын. Бұл – сұхбат сізді таңқалдырады. Сұхбат күтіңіздер. Шындықты өз ауызынан естіген дұрыс", – деп жазды блогер.