41 жастағы әйелді аяусыз пышақтап өлтірген ер адамның психикалық есепте тұрғаны анықталды, деп хабарлайды kznews.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ол бірнеше жылдан бері дертіне байланысты дәрігерлер бақылауында болған. Сондықтан, сот оны мәжбүрлі емдеуге жіберіп, қылмыстық іс тоқтатылсын деген шешім шығарды. Ал, жәбірленушінің туыстары бұл қаулымен келіседі ме?
Шымкентті дүр сілкіндірген кісі өліміне қатысты сот отырысы аяқталды. Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, қаулы шықты. Әйелді көшеде тапа-тал түсте аяусыз пышақтап кеткен сотталушы 2022 жылдан бері психикалық денсаулығына байланысты арнайы есепте тұрады екен. Осы уақыт аралығында бірнеше мәрте медициналық ем қабылдап, мамандар бақылауында болған. Соңғы рет 2025 жылы тиісті емдеу курсынан өткен. Сонымен қатар, сот отырысында оның мүгедектігі бар екендігі анықталды.
«Соңғы рет 2025 жылы 17 ақпан айында және 26 наурызында ем қабылдағанын, 18 тамызда дәрігердің қабылдауында болғанын, психикалық ауруына байланысты екінші топтағы мүгедектік тағайындалғанын, Сарқұловтың ауруы динамикалық есепте тұратын аурулардың бесінші топтық қатарына жататынын, өзінің қылмыстық әрекетін қоғамдылық қауіптілігін ұғына алмағандығын және өзіне оған ие бола алмағаны, өзінің психикалық жағдайына байланысты тергеу амалдарына, сот отырысына қатыса алмайтынын көрсетеді», - - деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытжан Төналиев.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдікті қылмыс жасаған сәтте өз әрекетіне толық жауап бере алмайтын жағдайда болған. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, мәжбүрлі түрде арнайы медициналық мекемеде ем қабылдауға жіберу туралы шешім шығарды.
«Оның қоғамға қауіпті әрекеттер жасаған кезде есі дұрыс емес болғандығына байланысты, қылмыстық кодекстің 99 бабының 2 бөлігінің 9 тармағында, 380 бабының 2 бөлігімен қоғамда қауіпті әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Қылмыстық кодекстің 91 бабы, 1 бөлігінің 1 тармағы, 92 бабының 93 бабының 4 бөлігіне сәйкес, Сарқұловқа интенсивті байқайтын мамандарылған үлгідегі психиатриялық станционарда мәжбүрлеп емдеу түрі тағайындалсын. Қылмыстық іс өндірістен тоқтатылсын. Қаулыны орындау ДСБ психткалық денсаулық орталығына жолдансын».
Естеріңізге сала кетейік, қанды оқиға қаңтар айының соңында Әл Фараби ауданында болған. Күдіктіні ұстау кезінде ол қарсылық білдірген. Яғни полицейлерге пышақ ала жүгірген. Салдарынан құзырлы орган өкілдері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес табельдік қару қолдануға мәжбүр болған.
Айта кетейік, сотталушы бұған дейін істі болып, түрмеде жазасын өтеп шыққан. Қазіргі таңда, марқұмның артында екі қызы және жұбайы қалды. Ал, жәбірленуші тарап жағдайға қатысты сұқбат беруден бас тартты. Бірақ сот отырысында қаулымен толық келісетінін жеткізді.