Атырауда әйелін 12 жастағы қызының көз алдында пышақтап өлтірген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға биыл 16 наурызда Нұрсая шағынауданында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, отбасылық жанжалдан кейін 58 жастағы әйел қызының жанында ұйықтап жатқан. Түнде ер адам ас үйден пышақ алып келіп, алдымен жұбайын ұрып-соғып, кейін оған бірнеше рет пышақ сұққан.
Қызы анасының жан даусын естіп оянып, әкесінен тоқтауын сұраған. Алайда ер адам әйелге 11 рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан кетіп қалған. Алған ауыр жарақаттарынан әйел сол жерде көз жұмды.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Марқұмның 12 жастағы қызы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қарауына берілді.