KZNEWS.KZ
Әлеумет

Сусынға есірткі қосу деректері жиілеген: депутаттар заңға өзгеріс енгізбек

• Жарқын Омаров
ашық дереккөз

Бүгін Құрылтайда 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылу барысы қаралды. Осы мәселе аясында депутат полиция мәліметтеріне сүйеніп, елде спайкинг деректері жиілегенін айтты.

Спайкинг дегеніміз – адамның келісімінсіз оның сусынына есірткі немесе басқа да заттарды қосу. Мұндай әрекет адамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

«Бұл бағытта қосымша шаралар қажет. Біз осы мәселе бойынша арнайы түзетулер дайындадық», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық жасөспірімдерді интернет арқылы қылмыстық схемаларға тарту да көбейіп келеді. Оларды есірткі салынған жасырын орындарды ұйымдастыратын «закладчик» немесе өз банк картасы мен шотын өзгелерге пайдалануға беретін «дроппер» ретінде тарту жағдайлары бар.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов балалар арасындағы буллинг пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесіне назар аударды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жауапкершілікті тек мектеп психологына жүктеуге болмайды. Мәселені шешуге мектеп, отбасы және медицина қызметтері бірлесіп атсалысуы керек.

Сондай-ақ депутат мектептерде смартфон қолдану мәселесін шешуде ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибені ескеруге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтай депутаттары жасанды интеллект көмегімен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобасын әзірлегені хабарланған болатын. Құжатта онлайн ойындар мен маркетплейстердегі балалардың сатып алуларына қатысты шектеулер қарастырылған.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →