KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Сушидан уланған": Боралдайда он тоғыз адам ауруханаға түсті

Фото: ашық дереккөздерден

Алматы облысының Боралдай кентіндегі "Алатау" базары аумағында орналасқан Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының өнімдерін тұтынғаннан кейін тағамнан улану белгілерімен 19 адам ауруханаға жатқызылды.

- Оқиға туралы алғашқы хабарламалар түскен сәттен бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау мекемелері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, материалдар уәкілетті органдарға жолданды.

- Тексеру жүргізу кезеңінде және оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталғанға дейін Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды. Оқиғаның нақты себептері зертханалық зерттеулер мен тексеру нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады. Тексеру қорытындылары бойынша қосымша ақпарат ұсынылады, - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →