Бұған қоса Екібастұзда ірі деректерді өңдеу орталықтарын дамыту жоспарланып отыр. Бірақ қарапайым тұрғын үшін суперкомпьютердің қанша операция орындай алатынынан гөрі, оның күнделікті өмірге қандай пайда әкелетіні маңызды, деп хабарлайды kznews.kz
2025 жылы елімізде іске қосылған Alem.Cloud суперкомпьютері NVIDIA H200 үдеткіштері орнатылған 64 HPE Cray серверінен тұрады. Оның есептеу ресурстары мемлекеттік органдарға, ғылыми және білім беру ұйымдарына, стартаптар мен жеке компанияларға қолжетімді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев суперкомпьютерлік орталықтың іске қосылуын елдің технологиялық егемендігін дамытудағы стратегиялық қадам деп атаған.
– Ұлттық суперкомпьютерлік орталықты іске қосу – елдің технологиялық егемендігін дамытудағы стратегиялық қадам. Біз жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру үшін жағдай жасап отырмыз, – деген еді министр.
Суперкомпьютердің мүмкіндігі ең алдымен медицинада байқалуы мүмкін. КТ, МРТ, рентген кескіндері, зертханалық және генетикалық ақпарат сияқты ауқымды деректерді өңдеу үшін жоғары есептеу қуаты қажет. Оның көмегімен медициналық кескіндердегі өзгерістерді анықтайтын, клиникалық деректерді талдайтын немесе ауру қаупін бағалауға көмектесетін жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге болады.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин суперкомпьютердің практикалық мүмкіндіктерін түсіндіре келе, оның қолданылу аясы тек ІТ саласымен шектелмейтінін айтқан. Оның сөзінше, мұндай жүйелер техногендік апаттардың ықтимал сценарийлерін модельдеуге, қаладағы көлік қозғалысын болжауға және медицинадағы үлкен деректерді өңдеуге мүмкіндік береді.
– Ол дәрігерлерге үлкен көлемдегі деректер негізінде диагноз қоюға көмектесе алады. Қазақ тілін, мәдениеті мен тарихын түсінетін үлкен тілдік модельдерді үйретуге де мүмкіндік бар. Ең бастысы – өзіміздің жасанды интеллект өнімдерін шетелдік серверлерге тәуелді болмай іске қоса аламыз, – деп түсіндірген Бағдат Мусин.
Тағы бір маңызды бағыт – қазақ тіліндегі жасанды интеллект. Қазір Қазақстанда KazLLM, AlemLLM және Sherkala секілді ұлттық модельдер дамытылып жатыр. Мұндай үлкен тілдік модельдерді үйрету үшін орасан есептеу ресурсы қажет.
Оның нәтижесін тұрғындар қазақша жұмыс істейтін виртуалды көмекшілер, сапалы автоматты аударма, дауысты мәтінге айналдыру немесе мемлекеттік құжаттарды қарапайым тілмен түсіндіретін сервистер арқылы сезінуі мүмкін.
Суперкомпьютер мемлекеттік қызметтерді дамытуға да пайдаланылмақ. Үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам талдау, өтініштерді автоматты сұрыптау, азаматқа қажетті қызметті алдын ала ұсыну және мемлекеттік органдардың ішкі процестерін автоматтандыру – жоғары өнімді есептеу жүйелері қолданылатын бағыттардың бірі.
Ауыл шаруашылығы мен су ресурстарында да мүмкіндігі мол. Метеорологиялық, спутниктік, топырақ және су деректерін қатар өңдейтін модельдер құрғақшылық қаупін бағалауға, егістіктің жағдайын бақылауға және су ресурстарын тиімді басқаруға көмектесе алады.
Freedom Cloud компаниясының бас директоры, IT-сарапшы Темірлан Зиналабдин суперкомпьютердің негізгі артықшылықтарының бірі – ғылым мен бизнестің шетелдік есептеу ресурстарына тәуелділігін азайту деп есептейді.
– Ең алдымен, ол ғылым мен бизнесті жалғайтын көпір болады. Университеттер, зерттеу институттары, стартаптар мен ірі корпорациялар үлкен деректерді, нейрожелілерді, күрделі модельдеуді енді бұрынғыдай шетелдік ресурстарға тәуелді болмай-ақ өзімізде дамыта алады. Сонымен қатар жасанды интеллект, биоинформатика, климаттық модельдеу, кванттық есептеу, тілдік модельдер сияқты бағыттарда отандық жобаларды әлдеқайда жылдам сынап, нарыққа шығаруға жол ашылады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мәселе тек есептеу уақытын қысқартуда емес. Мұндай инфрақұрылым қазақстандық зерттеулер мен технологиялық өнімдердің халықаралық деңгейге шығуына да мүмкіндік береді.
– Суперкомпьютердің басты артықшылығы – оның ашықтығында. Ғылыми қауымдастық пен жеке сектор оған API мен арнайы платформалар арқылы қол жеткізе алады. Қарапайым тілмен айтқанда, енді біздің ғалымдар мен ІТ мамандар әлемдік деңгейдегі деректермен жұмыс істеп, сапалы зерттеулер жасай алады, – дейді Темірлан Зиналабдин.
Жоғары есептеу қуаты геология мен өнеркәсіпке де қажет. Жер қойнауы туралы геологиялық және геофизикалық деректерді талдау, өндірістік процестерді модельдеу, жабдықтардың істен шығуын болжау және энергия тұтынуды оңтайландыру сияқты міндеттер үлкен есептеу ресурсын талап етеді.
Алайда суперкомпьютердің болуының өзі медицина автоматты түрде жақсарады, ғылым жаңалық ашады немесе мемлекеттік қызмет жеделдейді дегенді білдірмейді.
Оны үлкен магистральмен салыстыруға болады. Жол салынғанымен, онымен жүретін көлік, тасымалдайтын тауар және баратын бағыт болмаса, оның экономикалық пайдасы шектеулі.
Суперкомпьютерде де солай. Оған сапалы деректер, білікті мамандар, ғылыми жобалар және есептеу қуатын нақты өнімге айналдыратын компаниялар қажет.
Сондықтан ендігі маңызды сұрақ – Қазақстанда қанша суперкомпьютер бары емес, олардың көмегімен қандай нақты өнім жасалып жатқаны.
Егер дәрігер диагноз қою кезінде отандық ЖИ жүйесін пайдалана алса, фермер құрғақшылық қаупін ертерек білсе, студент күрделі ғылыми есепті ел ішінде орындай алса, кәсіпкер өз ЖИ моделін шетелдік серверге тәуелді болмай үйретсе, ал тұрғын мемлекеттік қызметті жылдам әрі қазақ тілінде ала бастаса, суперкомпьютердің игілігін қарапайым халық сол кезде сезінеді.