Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінген 262 миллиард теңгенің жұмсалуына жүргізілген аудит бірқатар заңбұзушылық пен жүйелі кемшілікті анықтады. Ғылыми гранттарды бөлу кезінде мүдделер қақтығысы болған, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу жұмыстары әлсіз жүргізілген. Сонымен қатар ғылымға бөлінген миллиардтаған теңге депозиттер мен бағалы қағаздарға салынған, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2022–2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 миллиард теңгеден 262 миллиард теңгеге дейін өскен. Алайда ғылымның ел экономикасындағы үлесі әлі де төмен.
«2022–2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 миллиард теңгеден 262 миллиард теңгеге дейін өсті. Алайда ғылымның экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызына тең. Ал белгіленген меже – 1 пайыз», – деді Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында.
Оның сөзінше, ғылымға бөлінетін қаржының басым бөлігі мемлекет есебінен түседі. Бюджеттің үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артқан. Бұл жеке бизнестің ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға аз қатысатынын көрсетеді.
Аудит нәтижесінде 262 миллиард теңгенің 51 миллиардына қатысты қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Ал қаржылық шығын мен алынбай қалған пайда көлемі 16 миллиард теңгені құраған.
67 млрд теңгеге жоспарланған ғылыми жұмыстар орындалмаған
Аудиторлар 2023–2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмағанын анықтады. Олардың жалпы құны 67 миллиард теңге болған.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ғылыми тапсырмалар нақты мақсатты, күтілетін нәтижені және оны тексеру жолдарын қамтуы керек. Алайда кейбір тапсырмалар жалпылама түрде жасалған.
«Ғылыми-техникалық тапсырма нақты басқарушылық міндетті білдіруі керек. Онда түпкілікті нәтиже, оны тексеру өлшемдері және іске асыру тетігі көрсетілуі қажет. Алайда тапсырмалар көбіне нәтиже мен оны бағалау талаптары нақты жазылмай, жалпы сипатта қалыптасады», – деді ол.
Соның салдарынан мемлекеттік маңызы бар ғылыми бағыттарды нақты айқындау қиындаған. Бұған қоса, орындалмаған 149 тапсырманың не себепті аяқталмағаны жүйелі түрде талданбаған.
Ғылыми гранттарды бөлу кезінде мүдделер қақтығысы болған
Аудит барысында ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде де кемшіліктер анықталған. Мәселен, ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 миллиард теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Олардың 27-сі сол жобалардың ғылыми жетекшісі болған.
Бұл ғылыми жобаларды бағалау мен қаржы бөлу кезінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін көрсетеді.
Сонымен қатар 212 ұйымның зерттеу жүргізуге техникалық дайындығы толық тексерілмей, аккредиттеуден өткен. Кейбір жобаларды сараптамаға жіберу 93 жұмыс күніне дейін кешіктірілген.
Патент бар, бірақ ғылыми жаңалық өндіріске енгізілмеген
Жоғары аудиторлық палата ғылыми зерттеулердің нәтижесін бағалау кезінде де формализмге жол берілгенін анықтаған. Көп жағдайда жобаның тиімділігі жарияланған мақалалар, патенттер мен енгізу актілері арқылы бағаланған. Алайда мұндай құжаттар ғылыми жаңалықтың нақты қолданысқа енгенін толық дәлелдемейді.
«Жобалардың нәтижелілігі көбіне жарияланымдар, қорғау құжаттары және енгізу актілері арқылы расталады. Бірақ бұл көрсеткіштер алынған нәтиженің жаңалығын, оған меншік құқығын және іс жүзінде қолданылуын әрдайым дәлелдей бермейді», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында шамамен 4 мың қорғау құжаты есепке алынған. Бірақ олардың тек 10 пайызы ғана өнертабыс патенттері болған. Ал халықаралық және еуразиялық патенттердің үлесі 1 пайызға жуық.
Бұдан бөлек, 72 миллиард теңгеге орындалған 164 жоба бойынша патент алуға берілген 336 өтінім дайын патент ретінде есепке алынған. Алайда өтінім беру патенттің берілгенін білдірмейді.
Ғылымға арналған миллиардтар депозитке салынған
Тексеру барысында ғылыми зерттеулерге жұмсалуы тиіс қаражаттың бір бөлігі депозиттер мен бағалы қағаздарға орналастырылғаны белгілі болды.
«Astana Hub-қа түскен 43 миллиард теңгенің 23 миллиарды бағалы қағаздарға салынған. Ал «Самғау» ұйымындағы 15 миллиард теңгенің 10 миллиарды депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған. Операторлардың инвестициялық қызметтен тапқан табысы 14 миллиард теңгеден асты», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Ғылыми жобалардың тек 27 пайызы өнімін тұрақты сатқан
Аудиторлар ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу және одан табыс табу жұмыстары да әлсіз екенін атап өтті.
Ғылым қорының ресми есебінде коммерцияландыру көрсеткіші 44 пайыз деп көрсетілген. Алайда аудиторлардың салыстырмалы есебі бойынша, нақты көрсеткіш 16 пайыз ғана болған.
Аяқталған 141 жобаның тек 38-і соңғы үш жылда өз өнімін тұрақты түрде сатқан. Бұл барлық жобаның 27 пайызына тең. Қалған 103 жобаға жұмсалған 22 миллиард теңге күткен нәтижені бермеген.
Бұған қоса, жалпы құны 13 миллиард теңге болатын 46 келісімшарттың орындалу мерзімі ұзартылған.
Мемлекет ғылыми жобалардың нәтижесін толық бақылай алмайды
Аудиторлар ғылыми жобалар туралы ақпараттың әртүрлі мекемелер мен ақпараттық жүйелерде сақталатынын, ал кейбір процестер әлі де қағаз жүзінде жүргізілетінін анықтаған.
Осының салдарынан мемлекет бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын және зерттеу нәтижесінің өндіріске енгізілген-енгізілмегенін толық бақылай алмай отыр. Тексеру кезінде жалпы құны 32 миллиард теңге болатын 159 жоба мемлекеттік есепке толық енгізілмегені белгілі болған.
Әлихан Смайылов ғылым саласындағы қаржыландыру тәсілін өзгерту қажет екенін айтты.
«Мемлекет ғылыми процестің өзін емес, ел үшін технологиялық және экономикалық нәтиже беретін жобаларды қаржыландыруы керек», – деді ол.
Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыныс беріліп, тексерілген ұйымдарға 66 тапсырма жолданған. 36 дерек бойынша әкімшілік іс қозғау үшін материалдар уәкілетті органдарға жіберілген. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.