Дүбірлі дода 30 қазан мен 4 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өтті. Әлемнің 38 мемлекетінен келген 700-ге жуық мерген өзара мықтыны анықтады.
Қазақстан намысын халықаралық жарыста 45 спортшы қорғады.
«Алтын тұғыр қазақтың еншісінде»
Нартай Аралбайұлы ұлттық құраманың жетістігіне қуанып, спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады.
«Сүйінші, ҚАЗАҚ ЕЛІ! Дәстүрлі садақ атудан ҚАЗАҚСТАН ұлттық құрамасы ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ атанды. Алтын тұғыр қазақтың еншісінде. Қуан, Қазақ елі!» – деп жазды депутат.
Ол қазақстандық мергендердің әлемдік додада жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.
«Қазақтың сұрмергендері әлемде теңдессіз екенін, жеңіс тұғырын ешкімге бермейтінін тағы да дәлелдеді. Барлық жеңімпаздарды, жаттықтырушыларымызды, жанкүйерлерді құттықтаймын», – деді Нартай Аралбайұлы.
Қазақстандық мергендер бірнеше алтын медаль жеңіп алды
Әлем чемпионатында спортшылар дәстүрлі садақ атудың төрт бағыты бойынша сынға түсті. Олар – 30 метрдегі қазақ жамбысы, 70 метрдегі түрік пута нысанасы, 90 метрдегі венгр нысанасы және 145 метрдегі корей нысанасы.
Батыс Қазақстан облысының спортшылары да жүлделі орындардан көрінді.
Атап айтқанда, Рустам Аманғалиев пута нысанасындағы командалық жарыста, венгр нысанасындағы командалық сайыста және жамбы атудан алтын медаль жеңіп алды.
Мұрат Лұқпанов бір күміс және бір қола медаль иеленсе, Әсемгүл Ғалымжанова жамбы атудан қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысының өкілдері үш алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі.
Дәстүрлі садақ ату – ұлттық спорттың маңызды бағыты
Дәстүрлі садақ ату – қазақ халқының мергендік өнерімен сабақтас ұлттық спорт түрлерінің бірі.
Соңғы жылдары қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, ұлттық садақ ату дәстүрін әлемдік деңгейде танытып келеді.
Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында қол жеткізген жетістік те осы бағыттағы нәтижелердің бірі болды.