"Әшімов" театры әлеуметтік желіге жариялаған видео көптің жүрегін елжіретті. Кадрларда қойылым аяқталған соң қазақ өнерінің ақсақалы, аңыз актер Асанәлі Әшімовтің сахнада ән шырқап тұрғаны, бір сәттен кейін оның жанына ұлының келіп қосылғаны көрінеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Театр ұжымы бұл сәтті:
"Бұл – жай қойылым емес. Махаббат пен сағыныштың, қуаныш пен қайғының, өнер мен өмірдің тоғысқан сәті", – деп сипаттаған.
Сахна төрінде Әшімов өзінің жүрек тербеcтіретін «Жан балам» әнін орындайды. Ән жолдары баласына деген әкелік сағыныш пен мейірімге толы:
"Ұғатын әке жанын сәбиімсің,
Жан балам, жабырқасам – Мәдиімсің,
Сүйетін сағынғанда – Сағиымсың…"
Желі қолданушылары аңыз актердің бұл орындауын ерекше толқыныспен қабылдады.
"Аталатсаң аталат, боталатпа, деп бекер айтпайды ғой", "Екеуіңіз де аман болыңыздар", "Көңілім босап, жылап алдым", "Сағи аман болғанда өзіңізден оза туған ұл болатын еді", "Әкенің жоқтауы қандай зарлы, иә", "Жылаттыңыз ғой", – деп жазды олар.