Атырауда кісі қолынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Мақсот пен Нәсіптің жақындары күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталғаннан кейін алғаш рет журналистерге пікір білдірді, деп хабарлайды Kznews.kz turkystan.kz-ке сілтеме беріп.
Марқұмның туыстарының сөзін әлеуметтік желіде тележурналист Жанат Жақсыбайқызы жариялаған. Айтуларынша, олар әлі күнге дейін табылмаған Наурыз бен Мейрамгүлдің тағдырына алаңдап, ең болмаса сүйегі табылып, жер қойнына тапсыруды армандайды.
"Екеуі де тірі болсын (әлі күнге дейін табылмаған Наурыз бен Мейрамгүл - ред). Бірақ енді ол мүмкін емес деп ойлаймын. Тым болмаса сүйектері табылса екен деп ойлаймын. Жер қойнына тапсыра алсақ... Енді жүрегімізбен тірі келсе екен деп ойлаймыз ғой. Солар туралы күдікті айтып берсе екен. Ішімізден жылаймыз, күйінеміз, бірақ Мейрамгүлдің де, Наурыздың да ешкімге бір түйір зияны жоқ адамдар ғой. Ешкімге зияны жоқ. Қолынан келген көмегін Наурызжан аямайтын еді. "Әсел апа, қандай көмек керек?" деп жүретін. Шалқарға, ініме болсын, апама болсын қолындағы барын беріп жүретін. Көмек десе даяр тұратын. Ешкіммен керіскенін не біреуге жақтасқанын, біреуді көре алмайтындай мінезін көрген жоқпыз. Мейрамгүл өзі бала сияқты ғой. Жүре беретін адам. Ал Наурызжанның ешкімге қиянаты жоқ. Қайда жібергенін?! Жарты жыл болды жоқ болғандарына. Күдікті бәрін мойнына алса екен дейміз. Ақбаянды күдікті деп ойламаймыз. Аман-есен елге оралып, дәрігерлерден емін алып, бес баласын бауырына алса екен дейміз. Қанша дегенмен балаға ана керек қой", - деді марқұмның туысы.
Еске сала кетейік, қос кісі өлтіру ісі бойынша күдікті Индонезияда ұсталған. ҚР Ішкі істер министрлігі шетелдік әріптестерімен бірлесіп, Ломбок аралындағы Сенару ауылынан аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ер адамды құрықтаған.