Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсеков 27 жасында көз жұмды. Марқұмның туыстары оның соңғы айларда жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақындарының айтуынша, Аян Дүйсеков болашақта судья болуды армандаған және жұмысына көп уақыт бөлген. Ол кешке дейін қызметте қалып, демалыс күндері де жұмысқа шыққан. Сондай-ақ жұмыс уақытынан тыс мезгілде қызметке шақырылған кездері болған.
Марқұмның артында әйелі мен бір және үш жастағы екі баласы қалды.
Отбасы Аянға жұмыс орнында моральдық-психологиялық қысым көрсетілгенін айтады. Олардың мәліметінше, қайғылы жағдайдың алдында оған тәртіптік жаза қолданылған. Сондай-ақ бірнеше ай ғана тұрған қызметтік баспанасынан мәжбүрлі түрде шығарылған.
– Тәртіптік жазаға, қызметтік пәтерге, жұмыс орнындағы қысымға және соңғы айларда Аянға көрсетілген қарым-қатынасқа байланысты барлық мән-жайды тексеруді сұраймыз. Отбасы, кішкентай балалары, ата-анасы, бауырлары, мамандығы, мансаптық жоспары және судья болу арманы бар адамның осындай қайғылы жағдайға қалай тап болғанын анықтаңыздар, – делінген туыстарының үндеуінде.
Марқұмның жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін, ал заңға қайшы әрекеттер анықталған жағдайда кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етіп отыр.Ақмола облысының полиция департаменті өлім дерегін растады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Туыстары айтқан жұмыс орнындағы қысым, тәртіптік жаза және қызметтік баспанаға қатысты мәлімдемелерге әзірге ресми құқықтық баға берілген жоқ.