Университет баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдайға байланысты ЖОО басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданған, деп хабарлайды kznews.kz
Атап айтқанда, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, сондай-ақ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылған.
Одан бөлек жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
- Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын, - деп хабарлады университеттен.
Сондай-ақ қазір барлық жатақханаларда кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілгені атап өтілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге көмек көрсетіп жатқанын және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі екенін мәлімдеді.