Әлем

"Бас тартуы мүмкін": Зеленский НАТО-ға қосылуға қатысты мәлімдеме жасады

"Бас тартуы мүмкін": Зеленский НАТО-ға қосылуға қатысты мәлімдеме жасады
t.me/V_Zelenskiy_official. Суретте: Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский елдің НАТО-ға мүшелікке ұмтылысы белгілі бір жағдайларда қайта қаралуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер АҚШ-пен екіжақты қауіпсіздік туралы келісім жасалып, ол НАТО-ның 5-бабы тәрізді нақты қорғаныс кепілдіктерін қамтыса, бұл Киев үшін компромисс бола алады, деп жазады "Страна".

Зеленский Берлинге жол үстінде журналистерге берген онлайн сұхбатында былай деді:

"Біз АҚШ-пен НАТО-ның 5-бабына ұқсас екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Еуропаның басқа серіктестерінен, Канада, Жапония секілді елдерден де қауіпсіздік кепілдіктері қажет", – деді ол.

НАТО-ның 5-бабы кез келген мүше елге жасалған шабуылды бүкіл альянсқа жасалған шабуыл деп есептейді және ұжымдық қорғаныс механизмін іске қосады.

Зеленский Украина үшін бастапқы мақсат – НАТО-ға кіру болғанын еске салды.

"Украинаның негізгі арманы – НАТО-ға мүше болу еді. Бұл нақты қауіпсіздік кепілі болар еді. Бірақ Еуропа да, АҚШ та бізді қабылдауға дайын болмады. Сондықтан АҚШ пен басқа елдердің екіжақты кепілдіктері – бүгінгі жағдайда шынайы компромисс", – деді ол.

Президент сонымен қатар, егер бейбіт келіссөздер тығырыққа тірелсе, Киев басқа жол іздеуге мәжбүр болатынын айтты, бірақ қандай жол екенін нақтыламады.

"Егер қақтығысты тоқтату жөніндегі кез келген процесс нәтиже бермесе, бұл ұзақ қашықтыққа жүгіру секілді. Өзіңді жинап, соғысты тоқтатудың басқа жолын табу керек", – деді Зеленский.

Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон "компромисс нұсқасын" ұсынған: Украина Донецк облысынан әскерін шығарады, ал Ресей әскері бұл аумаққа кірмейді. Бұл аймақ демилитаризацияланған "еркін экономикалық аймақ" ретінде қарастырылып отыр.

Бұған дейін Зеленский әскерді шығаруға қарсы екенін бірнеше рет айтқан. Дегенмен президент кеңесшісі Михаил Подоляк белгілі шарттар орындалса, мұндай нұсқа қаралуы мүмкін екенін меңзеген болатын.

"Екі тарап та әскерін шығару керек. Бақылау үшін халықаралық миссиялар, шетелдік контингент болуы тиіс. Демилитаризация – қақтығысты аяқтаудың табиғи форматы", – деген еді.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz