Шымкентте есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті көпшілікке танымал асаба болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Тінту барысында ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған полимер пакет және өсімдік тектес зат тәркіленген. Құқық қорғау органдары олардың нақты құрамын зерттеп жатыр.
Оқиға кезінде күдіктінің жанында әйел адамның да болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел интимдік қызмет көрсетуі мүмкін. Алайда бұл ақпараттың мән-жайы әзірге нақтыланбаған.
ІІМ мәліметінше, ұсталған азамат тәркіленген заттардың мефедрон және «мак» деп аталатын зат екенін айтып, оларды жеке қолдану үшін сатып алғанын түсіндірген.
«Тәркіленген заттардың нақты құрамы мен мөлшері анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.