
Олар алты ай уақыт сұрап, кейін үйді қайтаратынын жеткізген. Бірақ алты ай толуына 15 күндей уақыт қалғанда күйеу баламыз анамды тағы да алдап, үйді өзіне сыйлау жолымен беру керектігін, сонда ғана заң бойынша үйді анама аудара алатынын айтыпты. Өйткені, анамның да сол үйде үлесі бар ғой. Өлердегі сөзін айтқан соң, анам сеніп, өз үлесінен бас тартты. Ал содан кейін күйеу баладан хабар жоқ. Неше мәрте сот болды, біріне де келген жоқ", - дейді ол.
Зағипа осыдан соң іске Алтынкүл Асқарованың екі үлкен қызы араласқанын мәлімдеді.
"Екі әпкем сотқа бара алмайтындарын, жеке бас куәлігінің мерзімі өткенін айтып бас тартты. Ал біз бүкіл туыс пен көрші-көлемді ертіп, қаншама рет сот табалдырығын тоздырдық. Кейін мен екі әпкемнің анама қарсы шыққанын естідім. Олар күйеу баламызбен ауыз жаласып, анамыз он миллион ақшаны алды деп сотқа шағым көрсеткен.
Олардың негізгі мақсаты – жалпы құны 30 миллион тұратын әлгі үйді сатып, он миллионнан бөліп алу екен. Осыдан соң нағыз шайқас басталды. Мен өзімнің үй-жайым, бала-шағам болса да, анамның қасына көшіп келдім. Қазіргі анамның күйін сөзбен жеткізе алмаймын", - дейді ол.

Зағипа Асқарова екі әпкесінің күйеулерімен бірге келіп, "70 жастағы анасын соққыға жыққанын" нағыз масқараға теңеп отыр.
"Жақында екі әпкем мен жезделерім келіп, анамды көзімше ұрып кетті. Дүние үшін адамдар анасын да ұра беретін болды қазір. Әпкелерім үйге келіп, тезірек үйді босатыңдар деп анамды таяқтың астына алды. Иә, өз аналарын соққыға жықты. Олардың бірі менің аузыма төрт саусағын тығып алғанда демалуым қатты қиындап кетті.
Ал жезделерім болса, анамды сүйреп, саусақтарын есікке қысып тастаған. Тіпті, үйден шығып бара жатқанда да анамды сабағанын көрдім. Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Саусағының еттері сыпырылып кеткен анамның. Қазір қолында гипс бар...
Осыған қатысты әділдік іздеп жүрмін. Бүгінде прокуратураға арыз жаздық. Ал үйді атына аударып алған сіңлімнің күйеуі болса, мүлде хабарсыз жатыр. Анам нағыз қорғансыздың күйін кешіп отыр. Менен басқа ешкімі қалмады. Өзінің баласы мен күйеу балаларынан таяқ жегені жаныма қатты батады", - дейді Зағипа.
Осы орайда, KAZ.NUR.KZ екінші тараптың да пікірін білді. Анасын ұрды деп айыпталған Бағила Асқарова болса, жоғарыдағы жайттардың бәрін жоққа шығарып, сіңлісі мен анасының кезекті өтірігіне балады.
"Біздің анамызды ұрды деп айыптағаны бір грамм да шындыққа жанаспайды. Себебі, анасын ұратындай жынды емеспіз. Анамызға қолымыздың ұшын да тигізген жоқпыз. Мұның бәрі анам Алтынкүл мен сіңлім Зағипаның құрастырған өтірігі. Бұл туралы олар "Кел, татуласайық" бағдарламасында да айтты. Біріншіден, біздің ол үйге ешқандай таласымыз жоқ. Құдайға шүкір, басымызда өз баспанамыз, шаңырағымыз бар.
Екіншіден, сол жолы біз арамызды суытпай, анамызды елге масқара қылмай, татуласайық деген мақсатпен бардық. Ортадан ақша шығарып, анамызды демалыс орнына жіберсек деген тілегіміз де болған. Бірақ Зағипа бізді ұрып-соғып, айғайлап, қуып шықты. Менің саусақтарымды тістеп, көгертіп қойды. Бүгінде жара іріңдеп, мазамды алып жатыр. Мұның бәрі өтірік, шындыққа еш қатысы жоқ. Анамызды сабайтындай жынды емеспіз", - дейді Бағила Асқарова.