Шерзат Полаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ – Ішкі істер министрі

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Жалпы, Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қазір қылмыстық іс жоқ”, – деді Ержан Сәденов мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ Ержан Сәденов марқұм Шерзат Полаттың Алматы облысы Азат ауылындағы үйінің өртеніп кетуі бойынша тергеу барысы қалай жүріп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, іс бойынша арнайы прокурор тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
"Іспен арнайы прокурор айналысып жатыр. Онда тергеу шаралары қолға алынған. Тергеу шараларына қатысты пікір білдіре алмаймын. Ол қызу жүріп жатыр. Біздің бақылауымызда", – деді министр мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша да іс тергеліп жатқанын айтты.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрт қасақана қойылғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Ал 2024 жылдың 9 желтоқсанында марқұмның ағасы 30 жастағы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі қала шетінен табылған. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, ол өзіне қол жұмсаған.