KZNEWS.KZ
Қоғам

Шалқарда балабақша тәрбиешісі 1,5 жасар бүлдіршіннің бетін тырнап тастаған

• Айжан Сыланова
Фото: stan.kz

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Бегімбет ауылында балабақша қызметкері ұйықтап жатқан 1,5 жастағы баланың бетін тырнаған, деп хабарлайды kznews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, күтушінің көмекшісі ұйықтап жатқан баланың бетіне қол тигізіп, кейін бөлмеден шығып кеткен. Қызметкердің мұндай әрекетке не себепті барғанын полиция анықтап жатыр.

Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, балабақшадағы бейнебақылау жазбалары тәркіленген.

Шалқар аудандық білім бөлімінің мәліметінше, балабақшада 25 бала тәрбиеленеді. Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталды. Жәбірленуші балаға сот-медициналық сараптама тағайындалған.

«Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер аталған мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілді. Білім беру мекемесінде болған жағдайға байланысты өкініш білдіреміз. Жағдай бақылауда», – деді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.

Құзырлы органдар балабақша қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →