Павлодарда сот балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды. Ол 2–2,5 жастағы 16 балаға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, тәрбиеші тәрбиеленушілерге жүйелі түрде күш қолданған. Айыптау тарапының дерегінше, ол балаларды ұрып-соғып, шаштарынан тартып, итеріп, лақтырған. Соның салдарынан бүлдіршіндерге физикалық және психологиялық зиян келген.
Прокуратура сот барысында тәрбиешінің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынған. Мемлекеттік айыптаушы ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, қатаң жаза тағайындауды сұраған.
2026 жылғы 17 сәуірде сот әйелді 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Алайда жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылған. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.