KZNEWS.KZ
Әлеумет

«Шағымдардың 58% жергілікті жолдарға қатысты»: Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына ескерту жасады

Жарқын Омаров
Фото: telegram-канал QazAvtoJol

Қазақстандағы жолдардың сапасына қатысты мәселе Үкімет отырысында қайта көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің баяндамасынан кейін компания жұмысында шешілмеген проблемалар көп екенін айтып, жол сапасын жақсартуды талап етті, деп хабарлайды kznews.kz

Иманашевтің мәліметінше, 2026 жылдың сегіз ,айында республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғалары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Ал осы уақытта жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы 30 пайызға өскен. 

Алайда Бектенов бұл көрсеткіштерге қарамастан, шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтты.

«Баяндама жақсы. Бірақ шешімін таппаған проблемалық мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсартып, жағдайды түзету қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл жұмысты басқа адамдар атқарады», – деді Премьер-министр.

Елдімекен көшелерінің 29 пайызы талапқа сай емес

Көлік министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 91 пайызы талаптарға сәйкес келеді. Ал елді мекендердің көшелерінде бұл көрсеткіш 71 пайыз ғана.

Демек, елді мекендердегі көшелердің шамамен үштен біріне жуығы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.

Шағымдардың 58 пайызы жергілікті жолдарға қатысты

Жол желісінің жай-күйіне байланысты келіп түскен өтініштердің шамамен 58 пайызы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47 пайызы елді мекендердің көшелеріне тиесілі. Яғни, халықтың жол сапасына қатысты шағымдарының негізгі бөлігі республикалық трассаларға емес, жергілікті жолдарға қатысты түседі.

Президент жол сапасын «ең осал тұсымыз» деп атады

Жол мәселесі 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде де көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың сапасына қатысты жағдайға сын айтты. 

«Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз», — деді Мемлекет басшысы. 

Президент қала ішіндегі жолдармен қатар, ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды.

Жол құрылысының сапасын бақылау күшейтіліп жатыр

Үкімет жол сапасын арттыру үшін бірнеше шара қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралған. Құрылыс кезінде бес сатылы сапа бақылауы енгізіліп, мердігерлердің жауапкершілігі арттырылмақ.

Президент Көлік министрлігі мен әкімдіктерге жол жобаларының орындалуын бақылауды күшейтіп, халықтың шағымдарына жедел жауап беруді және жобалардың тоқтап қалуына жол бермеуді тапсырған.

 Ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылау мәселесі бар

Дархан Иманашевтің айтуынша, қыркүйектің басынан бері автоматтандырылған салмақ-габарит бақылау станциялары 4 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Қазір республикалық трассаларда осындай 46 станция жұмыс істейді. Алайда кей жүргізушілер бақылаудан жалтару үшін рұқсат етілмеген айналма жолдарды пайдаланатыны немесе көлікті дұрыс тіркеуге кедергі келтіретіні айтылды.

Компания мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр. Сонымен қатар республикалық жолдарға қосымша ақпараттық белгілер мен таблолар орнатылып жатыр. Қазір трассаларда 56 ауыспалы ақпарат белгісі және 126 ақпараттық табло бар, ал алдағы уақытта тағы 244 белгі мен 110 табло орнату жоспарланған.

Жол апатынан қаза тапқандардың жартысы республикалық тасжолдарда көз жұмады

Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың шамамен жартысы республикалық маңызы бар автожолдарға тиесілі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, адам өлімі жиі тіркелетін жол учаскелерінің қатарында Жамбыл облысындағы «Алматы – Ташкент» трассасы бар. Мұнда 60 адам қаза тапқан.

Алматы облысында «Алматы – Бішкек» жолында 33 адам, «Алматы – Өскемен» бағытында 12 адам, «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассасында 17 адам көз жұмған.

Ақтөбе облысында «Шымкент – Самара» жолында 19 адам, ал «Ақтөбе – Атырау» бағытында 14 адам қаза тапқан.

Сәденов жол қауіпсіздігіне жол бойындағы инфрақұрылымның да әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, трассаларда демалыс және тамақтану орындары жеткіліксіз. Соның салдарынан жүргізушілер ұзақ уақыт үзіліссіз көлік жүргізіп, ұйықтап кетуі мүмкін.

«Жол бойындағы сервис сапасы да – айтарлықтай жақсы емес. Кемпинг және тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлікті айдауға мәжбүр. Соның салдарынан, ұйқтап кетеді. Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сай келеді», – деді министр.

Сәденов жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірінші санаттағы жолдарды көбейтудің маңызын айтты. Оның мәліметінше, мұндай жолдардың 6 мың шақырымын салу қажет.

Министр Қарағанды мен Алматы арасындағы төрт жолақты магистральді мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл жол іске қосылғаннан кейін аталған учаскеде адам өлімі 47 пайызға азайған.

«1-санатқа жататын – 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47%-ға азайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алу керек», – деді Ержан Сәденов.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →