Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов әлеуметтік желіде қысқа жазба жариялап, Серік Сәпиевтің мәлімдемесін шындыққа жанаспайды деп бағалады, деп хабарлайды kznews.kz.
Есімхановтың айтуынша, қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ-та нақты дерекке сәйкес келмейтін ақпараттар тарауда.
"Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерден аулақ болуды сұраймын", – деді ол.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Сәпиев пен оның орынбасары арасында жанжал болғанын жазған. Тараған мәліметтерде тараптар төбелесіп қалғаны айтылған.
Осы жағдайға байланысты сол күні кешке Серік Сәпиев те әлеуметтік желіде пікір білдіріп, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеген. Ол сондай-ақ облыстық спорт ұйымдары басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалғанын, оған орынбасарының да қатысы барын айтып, бұл заңсыз қадамдардың алдын алғанын жазды.