Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлауынша, өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін төрт минут ішінде оқиға орнына жеткен. Жарылыс салдарынан өрт шығып, жиһаз бен үй ішіндегі заттарды шарпыған. Жоғарғы қабаттардан құтқарушылар баспалдақ арқылы бес адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындардың бір бөлігі өз бетімен далаға шықса, енді бір бөлігін полиция қызметкерлері эвакуациялаған.
Адамдар үшін жылыту пункті ұйымдастырылды.
«Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – полиция қызметкері. Барлығы медициналық мекемеге жеткізілді. 40 шаршы метр аумақтағы өрт сөндірілді», – делінген хабарламада.
Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, үйден газ иісі шыққаны туралы хабар 102 нөміріне түскен. Жарылыс құтқарушылар келгенге дейін тұрғындарды эвакуациялап жатқан полиция қызметкерлері оқиға орнында болған кезде орын алған.
«Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасында күзетпен жатыр. Сауығып шыққаннан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Қазір жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілуде.