KZNews.kz
Жаңалықтар

Сахна саңлағы Балтабай Сейітмамытұлы дүниеден өтті

Дархан Тоқан
Фото: almaty.tv

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, актер әрі режиссер Балтабай Сейітмамытұлы 76 жасына қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Қаралы хабарға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақын-жуықтарына, сондай-ақ туған халқына көңіл айтып, қайғыға ортақтасты.

— Балтабай Сейітмамытұлы — саналы ғұмырын қазақ сахна өнеріне арнаған сирек болмысты тұлға еді. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер академиялық театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына айналған бейнелер галереясын қалыптастырып, классикалық және заманауи драматургияны терең философиялық оймен, биік актерлік мәдениетпен сомдай білді. Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Балтабай Сейітмамытұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын! — делінген хабарламада.

Марқұм 1950 жылғы 11 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. Ол «Жүрегім ашық жақсыға» кітабының және бірқатар спектакль рецензияларының авторы ретінде де танылған.

Балтабай Сейітмамытұлы Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» (Амантай), Едуард Ерубаевтың «Менің құрдастарым» (Рахмет), Сәбит Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» (Военком), Антон Чеховтың «Шағала» (Тригорин), Шыңғыс Мұртазаның «Бесеудің хаты» (Иванов), Уильям Шекспирдің «Даулы түнгі думан» (Тизей), Мұхтар Әуезовтың «Абай» (Айдар) қойылымдарында ойнаған.

Сондай-ақ, 2002 жылы Қазан қаласында өткен халықаралық түркітілдес елдер театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Қорқыттың Көрі» аңыз-дастанындағы Қорқыт рөлі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымымен халықаралық театр фестивалінің екінші мәрте лауреаты атанып, «Алтын қанатты адам» сыйлығын иеленген.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →