KZNews.kz
Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың әйелі куәгерден күдіктіге айналды

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

UFC ұйымының қазақстандық спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс жаңа кезеңге өтті. Бұған дейін куәгер ретінде тергелген Рахмонова енді сот алдында күдікті ретінде жауап береді, деп хабарлайды kznews.kz.

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылғы 29 қаңтарда аталған қылмыстық іс сотқа жолданған. Іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қаралуға жіберілді.

Бастапқыда, 2025 жылдың тамызында болған жол-көлік оқиғасынан кейін полиция Гүлайым Рахмоноваға куәгер ретінде сұрақ қойған. Ол кезеңде күдіктінің ем қабылдап жатқаны айтылып, тергеу әрекеттері жалғасып жатқан еді.

2025 жылдың қарашасында Сенат дәлізінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов істің ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын және тергеудің аяқталуға жақын екенін мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда іс сотқа жолданып, Рахмонова жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу дерегі бойынша күдікті деп танылды. Аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 7 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Прокуратура түпкілікті шешімді сот барлық мән-жайды ескере отырып шығаратынын атап өтті.

Жол апаты туралы

Апат Алматы – Екатеринбург автожолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылы маңында болған. Toyota Land Cruiser көлігін Гүлайым Рахмонова басқарған. Көлікте оның ұлы мен екі танысы болған.

Оқиға салдарынан 39 жастағы З.А. оқиға орнында қаза тапты. 35 жастағы А.С. ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →