"Халық кеңесін" кім басқарады?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Сапасыз жол, ақылы тариф: Жұмсалған миллиондардың сұрауы бар ма?

Сапасыз жол, ақылы тариф: Жұмсалған миллиондардың сұрауы бар ма?
Фото: ЖИ

Ақылы жолдардан түскен миллиардтар қайда кетіп жатыр? Бұл – рульдегі әрбір жүргізушінің көкейінде жүрген, жауабы бұлыңғыр, түйіні күрделі сұрақ.

Таяуда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығы халықтың қалтасынан қағылған қаржының 65 пайызы техника мен негізгі құрал-жабдықтарға, 30 пайызы жолды күтіп-ұстауға, ал қалған 5 пайызы өзге де шығындарға жұмсалып жатқанын ақтап, «біздегі тариф көрші елдерден әлдеқайда арзан» деп уәж айтты, деп хабарлайды kznews.kz

Дегенмен, сандарды сөйлетіп, ресми статистикаға көз жүгіртсек, бұл түсініктеме елдің көкейіндегі күмәнді сейілтпейді, керісінше, орынды сауалдардың отына май құя түседі. Жыл сайын бюджетке миллиардтаған теңге құйылғанымен, елдегі автокөлік жолдарының жағдайы «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Әсіресе, «Балқаш – Алматы», «Атырау – Орал», «Ақтөбе – Атырау» және «Көкшетау – Петропавл» сияқты стратегиялық маңызы бар магистральдардың сапасы сын көтермейді, кейбір бөліктері тіпті адам көргісіз сиқымен жүргізушілердің сорын қайнатуда.

Жол сапасының төмендігі мен инфрақұрылымның нашарлығы – елдегі апатты жағдайлардың басты себептерінің бірі. Ішкі істер министрлігі ұсынған ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі автокөлік жолдарының басым бөлігі заманауи қауіпсіздік талаптарына толық жауап бермейді, тек 16 пайызы ғана халықаралық стандарттарға сай келеді. Осының салдарынан Республикалық деңгейдегі трассаларда орын алатын жол-көлік оқиғаларының үлесі өте жоғары болып отыр: жол апатынан көз жұматын азаматтардың тең жартысы дәл осы тасжолдарда ажал құшады. Қаржының тиісті түрде бөлінбеуі, құрылыс кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілуі және сапасыз битум мен ескірген технологияларды қолдану жолдың өміршеңдігін едәуір қысқартады. Қыс түссе, қалың қар мен көктайғақта жолдардың уақытылы тазаланбауынан мыңдаған көлік сағаттап кептелісте тұрады, ал бұл тек уақытты жоғалту емес, азаматтардың өміріне төнген тікелей қауіп.

Бөлінген қаржының орынды жұмсалмауының түп-тамыры тереңде жатыр. Қазақстанның құқық қорғау және қадағалау органдары тарапынан «ҚазАвтоЖол» саласындағы лауазымды тұлғаларға қатысты мыңдаған нұсқамалар беріліп, өңірлік филиалдардың 345 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі. Алақандай жолға бөлінген жүздеген миллион теңгені талан-тараж ету, фиктивті келісімшарттар жасау, «өлі жандарды» жұмысқа тіркеу сияқты сыбайлас жемқорлық деректері жыл сайын әшкереленіп жатыр. Тіпті компанияның бұрынғы басшыларының бірі 200 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталғаны да бұл жүйенің қаншалықты шірігенін көрсетеді. Салдарынан тарифтер қанша өскенімен, халықтың төлеген ақшасы тесік қалтаға құйылған судай, нәтижесіз жоғалып келеді.

Бұл түйінді мәселені қашан және кім реттеуі керек деген сауалға келсек, жауаптың салмағы Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына түседі. Жол мәселесін түпкілікті реттеу үшін ең алдымен мердігер компанияларға қойылатын талапты қатаңдатып, құрылыс пен жөндеу жұмыстарына беретін кепілдік мерзімін ұзарту қажет. Екіншіден, жиналған платты ақшаның әрбір тиыны қайда кететінін жұртшылыққа ашық көрсететін цифрлық мониторинг пен қоғамдық бақылау жүйесі енгізілуі тиіс. Үкімет басшысы тарапынан айтылған «жағдай түзелмесе, басқа адамдар жұмыс істейді» деген ескерту тек құрғақ сөз болып қалмай, нақты кадрлық және заңнамалық реформалармен бекітілуі шарт. Әйтпесе, тарифтер артып, жол ақысы қымбаттағанымен, халық сапасыз жолда өмірін қатерге тігіп, «бармақ тістеп» қала береді. Елдегі инфрақұрылымды тәртіпке келтіру – кейінге қалдыруға болмайтын, мемлекеттік қауіпсіздікпен пара-пар кезек күттірмейтін шаруа.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол мәселесін Қазақстанның «ахиллес өкшесі» және нағыз саботаж деп атаса, Үкімет басшысы Олжас Бектенов дәл осы созылмалы проблемалар үшін «ҚазАвтоЖол» басшылығына соңғы қатаң ескертуін жасаған еді.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.