KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

«Самұрық Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталған видеосы тарады

• Айжан Сыланова
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталған сәті түсірілген видео тарады. Кадрларда қос басшыны құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетектеп бара жатқанын көруге болады, деп хабарлайды kznews.kz.

Оған дейін Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында чемоданнан шашылған долларға ұқсас банкноттар түсірілген видео тараған болатын. Бұл кадрлар желіде қызу талқыланып, ақшаның қайдан шыққаны туралы түрлі болжам айтылды. Алайда ақшаның аталған басшыларға қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде нақтыланған жоқ.

Кейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, олар 2026 жылғы 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен қолға түскен. Сонымен қатар осы іске қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар ұсталған.

Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Ал «Самұрық-Қазына» қоры басшысының ұсталуына байланысты ресми түсініктеме берді. Қор өкілдерінің хабарлауынша, ұйым құқық қорғау органдарымен байланыста болып, тергеу аясында сұратылған қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынып, тергеу жұмыстарына жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

Осылайша, елдегі ірі ұлттық компаниялардың басшыларына қатысты іс қоғам назарын аударды. Тергеу жалғасып жатқандықтан, оқиғаның толық мән-жайы әзірге белгісіз.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →