Қаржы

«Самұрық-Қазына» 122 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған

«Самұрық-Қазына» 122 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған
фото: globalnews.kz

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Самұрық-Қазына» АҚ және оның еншілес компанияларына аудит жүргізіп, мемлекеттік активтерді басқаруда бірқатар елеулі кемшіліктерді анықтады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тексеру «Қазатомөнеркәсіп» пен «Samruk-Kazyna Ondeu» 18 ұйымды қамтыды. 2024 жылы қор тобының кірісі 16,5 трлн теңге, таза пайдасы 2,4 трлн теңге болған. Аудит кезеңінде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңгеаударған, оның ішінде 779,9 млрд теңге — дивиденд, 1,6 трлн теңге — активтерді бәсекелестік ортаға шығару арқылы түскен қаражат. Бұдан бөлек, Президент пен Үкімет тапсырмаларын орындауға 673 млрд теңге бөлінген.

Сонымен қатар стратегиялық басқаруда елеулі олқылықтар анықталды. 2018–2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы жоспарды толық орындамаған: шетелдік деңгейге жеткізілуі тиіс 8 компания мақсатына жетпеді. Бағдарламаның нақты пайдасы жоспардан екі есе аз — 154,5 млрд теңге.

Палата корпоративтік басқарудың әлсіздігін, стратегиялық құжаттардың сапасыз дайындалуын, жоспарлардың төмендетілуін атап өтті. Ақпараттық жүйелер де тиімсіз: 7 жүйенің тек 4-еуі жұмыс істейді, ал кейбір компаниялар әлі де қаржылық есепті қолмен жүргізеді. Қордағы нормативтік құжаттардың шамамен 15%-ыескірген немесе қолданылмайды.

Басқару комитеттерінің көпшілігі белсенді жұмыс істемеген: директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі, басқарма жанындағы 7 комитеттің 2-еуі соңғы кезеңде жиналыс өткізбеген. Қор құрылымында 6 деңгейден тұратын 326 компания бар, олардың бір бөлігі белсенді емес, ал 41 компания 2024 жылы шығынмен аяқтаған.

Инвестициялық жобалар бойынша да жағдай күрделі: 2020–2024 жылдар аралығындағы 175 жобаның тек 49-ыаяқталған.

Аудит қорытындысында:

351,8 млн теңге — қаржылық бұзушылық,

122,2 млрд теңге — тиімсіз жоспарлау және қаржыны дұрыс пайдаланбау,

119 жүйелік кемшілік анықталды.

Бірқатар материалдар әкімшілік және құқық қорғау органдарына жолданды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz