Журналистер бапкерден Жақыповтың ұсталу оқиғасы команда ішінде талқыланған-талқыланбағанын және бұл жағдай клубтың қаржыландырылуына әсер етуі мүмкін бе деп сұраған. Сұрақ «Барыс» «Адмиралды» 4:2 есебімен жеңген матчтан кейін қойылды.
«Барыс» хоккей клубының бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, журналистердің сұрағына әзілмен жауап берді. Ол команда бұл жағдайдан ойын басталар алдында ғана хабардар болғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
«Ең алдымен, біз мұнда не болып жатқанынан хабарсыз болдық. Егер білгенімізде, чемодандар лақтырылған жерге бәріміз барып, оларды ұстап алуға тырысар ма едік, бәлкім, сол дұрыс болар еді. Ал біз жаттығуға кеттік, сәл басқа жаққа барыппыз. Маған бұл туралы ойын алдында айтты. Сонда мен: “Біз басқа іспен айналысып жүр екенбіз, чемодандарды ұстау керек еді”, – дедім. Бәрі жақсы болады, демеушілеріміз болады және “Барыстың” жағдайы да алдағы уақытта жақсы болады деп үміттенемін», – деді бас бапкер.