Әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Адия Астанаға қоныс аударып, өз алдына жеке шаңырақ көтерді, деп хабарлайды kznews.kz
Ол жаңа үйді реттеп, тұрмысқа қажетті заттар мен ыдыс-аяқ таңдап жүрген сәттерін видеоға түсіріп көрсеткен.
Жас келін жаңа баспананы жайғастырудың өзіне ерекше әсер сыйлағанын да жасырмады.
“Жаңа үйді орналастыру, жаңа ыдыстарды қолдану – ең күшті сезімдердің бірі”, – деп жазды ол.
Жас отбасының бөлек тұру туралы шешімі желі қолданушыларының да назарын аударды. Бірі ерлі-зайыптының жеке отау болып, өз тұрмысын өзі қалыптастырғанын құптаса, енді бірі Сәкен Майғазиевтің жалғыз ұлының ата-анасынан бөлек кеткеніне таңданысын білдірген.
“Сәкен жалғыз ұлын неге бөлек шығарды екен?”, “Сұхбатта бөлек шықпаймыз деп еді, ақыры кетіпті ғой”, “Құтты қоныс болсын”, – деп жазды олар.
Еске салайық, бұған дейін танымал әнші Сәкен Майғазиевтің жары Динара Майғазиева келінімен бірге видео түсіріп, көпшілікке жақпай қалғаны хабарланған еді. Кадрларда ол келінімен бірге ұлы отырған көлікке жақындайды. Бір сәтте ене де, келін де көліктің алдыңғы есігін ашуға ұмтылады. Сол кезде Динара Майғазиева келініне сынай қарап, ал келіні көзқарасын төмен түсіріп, есікті ашып береді. Сөйтіп, енесі күлімсіреп алдыңғы орындыққа, ал келіні артқы орындыққа отырады.
Әншінің жары мен келіні бұл видеоны әзіл ретінде түсіргенімен, желі қолданушылары олардың бұл әрекетін жылы қабылдай қоймады. Қазақстандықтар видеоға біршама сыни пікірлер қалдырған. Олардың көпшілігі алдыңғы орындыққа – ұлының жанына отырған Динара Майғазиеваны сынға алды.