Испаниядан келген әйгілі команда жаттығу алдында арбаға таңылған Санжардың жейдесіне қолтаңба қойып, оған ерекше көңіл бөлді. Бұл балақайдың көптен бері армандап жүрген тілегінің орындалуына себеп болды.
Оқиғаның бейнежазбасын «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында жариялады. Ол өз жазбасында:
«Бүгін мен Санжарды «Реал Мадридтің» жаттығуына шақырдым. Ол өз сүйікті командасын, әсіресе Килиан Мбаппені көруді көптен бері армандаған еді. Санжар тек кумирімен ғана емес, бүкіл командамен кездесіп, суретке түсіп, қолтаңба алды. Бұл — оның өмірінде мәңгі есте қалатын ерекше күн болды», – деп бөлісті.
Сонымен қатар Боранбаев ерекше қажеттіліктері бар жанкүйерлерге спортқа жақындасу мүмкіндігін жасау — клуб жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті:
«Қайратта біз спорттың барлығына қолжетімді болуы үшін жүйелі түрде еңбек етіп келеміз. Әріптестеріміздің қолдауымен алдағы матчта жанкүйерлер қатарында пара-спортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар қоғам өкілдері де трибунада болады. Футбол мен үлкен спорттық оқиғалар баршаға ашық болуы тиіс. Бұл — біздің миссиямыздың ажырамас бөлігі», – деді ол.